"Жаңа жылға 15 минут қалғанда қаза тапты" Шетелдік басылым Бекзат Саттархановты еске алды - на sport.bugin.kz
Қаракөз Амантай - на sport.bugin.kz Қаракөз Амантай

20 жасында көз жұмған қазақтың мақтанышы

Ресейдің «Чемпионат» спорт порталы 20 жасында жол апатынан қайтыс болған олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов туралы мақала жариялады. 

"Бұл оқиға қалай болды?

...Жаңа жылға дейін 15 минут қалған еді. 20 жасар жігіт көлікті жоғары жылдамдықпен айдайды. Ол мерекені достарымен қарсы алғысы келеді. Бірнеше сағат бұрын оны туған қаласына барып, анасын құттықтап, 150 км қашықтықтағы жолға шығады.

Алайда, ең жас Олимпиада чемпионына Жаңа жылды қарсы алу бақыты бұйырмады. Спортшы автокөлікті басқара алмай, Шымкент қаласы жанындағы Темірлан бекеті маңында автокөлік аударылып кетеді. Алған ауыр жарақатынан кейін елдің сүйіктісі оқиға орнында көз жұмады. Мансап жолындағы басты жеңістен кейін ол тек үш ай ғана өмір сүрді.

Бала кезінде спортшы болуды армандады

Бекзат Саттархановтың балалық шағы оңай болған жоқ. Ол Түркістан қаласында 1980 жылы 4 сәуірде дүниеге келген. Бекзат әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже баласы.  Бекзат, Кеңес Одағында мектепке барды, ал мектепті Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бітірді. Бала кезінен қайсар мінезді болды. Сәби күнінде өте нәзік, аурушаң, әлжуаз болған Бекзаттан атағы жер жүзіне жайылатын даңқты боксшы шығады деп ешкім ойламаса керек.

Бастауыш сыныпта оны дене шынықтырудан басқа математика пәні қызықтырды, кейіннен географияға деген құштарлығы оянды. Саттарханов спортшы болатынын және бүкіл әлем бойынша жарыстарға баратынына сенімді болды", - деп жазды басылым.  

Басылым Бекзат Саттархановтың балалық шағының қиын және қызықты күндері туралы тарқатып айтқан.

Бекзат Сейілханұлы Саттарханов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері. 2000 жылы өткен Сидней Олимпиадасының жартылай жеңіл салмақ бойынша чемпионы (57 кг дейін) және І дәрежелі «Барыс» орденінің бірінші иегері.

Бүгінде Түркістан қаласында Бекзат Саттарханов атындағы ықшамаудан мен спорт кешені бар. Алматы қаласында көшеге Бекзат Саттарханов есімі берілді. 2002 жылдан бастап бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. 2005 жылы спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы «Бекзат» атты кітап жазды. 2006 жылы «Қазығұрт» баспасынан спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы мен баспагер Темірғали Көпбаев құрастырған «Бекзат» фотоальбомы жарық көрді. Фотоальбом «Дара Бекзат», «Бала Бекзат», «Мәңгілік Бекзат» деген үш бөлімнен тұрады. 2009 жылы режиссер Сатыбалды Текеев «Бекзат» атты деректі фильм түсіріп, тұсауын кесті. Бұл фильм кейін «Құлагер» жүлдесін жеңіп алды. Фильм тек «Еларна» арнасынан көрсетілген. Әнші композитор Гүлнұр Өмірбаева «Бекзат» әнін дүниеге әкелді. Бұл ән 2002 жылы өткен «Азия дауысы» фестивалінің «Қазақ әндері» бәйгесінде «Алтын домбыра» жүлдесін жеңіп алды. 2011 жылдың мамыр айында Бекзат Саттархановтың қабірі басындағы жүлделердің көшірмесі ұрланып кетті. Бекзат жүлделерінің көшірмесі бағалы металдан жасалғанын біліп, қолды қылған күдіктілер әлі ұсталған жоқ.


0 Пікір Кіру