Марғұлан Ақан

Кім жеңді?

UFC-229 жекпе-жегінің басты қаһармандарына айналған Хабиб Нурмагомедов пен Конор МакГрегор арасындағы кездесу мәресіне жетті. 4 раундтқа созылған майданда Хабибтың басым болғанын тор сыртындағы көзқарақты көрермен көрді, түсінді. Алайда әңгіменің төркіні тор ішінде болған егесте емес, мінезге ұласып кеткен Хабибтың түсініксіз «шоуымен» аяқталды. Осы орайда Bugin.kz сараптай келіп, көкейде қалатын 5 сұраққа жауап іздеуге тырысты.



Кім жеңді?

Чемпиондық белдікті ортаға салып, барынша таласқан екі арыстанның бірі майданға шыққанша шырылдады, бірі сабырмен келетін алтынды күтті. Таза жеңіс. Жақтың тұсынан оңбай тиген соққының Конорды бір есеңгіретіп алғаны, оған қоса тұншықтыру әдісіне түсіп қалған шоуменнің шаруасы сол жерде шешілді. Егер Хабиб ешқандай таза жеңіс жасамай, шешімді төрешілерге қалдырса не болар еді?

Суретте төрешілердің жасаған сараптамасы тұр. ІІІ раунд есебі бойынша ұпай саны Конордың еншісінде. Қалғаны Хабибке тиесілі. Алайда алдағы 4-5 раунд жалғасын тапқан кезде бәрі басқаша болып кетуі де ғажап емес еді.


Халықтың ықыласына бөленіп, жеңісті жұлып алу әрине үлкен ерлік. Алайда оны сол тұғырында сақтап қалу өте қиын мәселе. Шайқас аяқталғаннан кейінгі Хабибтың әрекеті ол үшін үлкен мәселеге айналуы да мүмкін. Жекпе-жекке дейінгі өткен кездесулерде сабыр сақтап келген Хабибтың аяқ асты мінез көрсетуін жанкүйерлер қабылдай алмай отыр. «Спорт – мәдениеттің бірі, ендеше ол мәдениет сақтауы керек еді» дегендердің қарасы көп. Ал шынында не болды?


Шоудың шуға айналуына не түрткі болды?

Тұншыққан Конорды менсінбей, шетке ығысқан Хабибтың көзіне көрінген ирландиялықтың спарринг-серіктесі Дилон Дэнис еді. Екеуара түсініспеушіліктің ара-жігі белгілі болды. Хабибты бірге-бір шақырған Дилон өзіне атылып келе жатқан чемпионның әрекетін дәл бағалады ма, ақыры арты дау мен төбелеске ұласты. Ал Хабибтың өзі бұл жағдайды былай деп түсіндіреді:

«Мен болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Конор жеңілді. Мен чемпионмын. Белдік ешқайда кеткен жоқ, менде. Болған жағдайға келсек, менің отбасыма, ұлтыма және дініме қатысты жағымсыз пікірге қарап отыра алмаймын. Бұл үшін әкемнен сөз еститінім анық. Болар іс болды, бояуы сіңді»,-деп пресс-конференциядан шығып кеткен чемпионды түсінуге болады. Алайда...


UFC шешімі қандай?

UFC президенті Дэйн Уайт өз шешімінің қандай болатын туралы пікір білдірді. Оның айтуынша, Хабиб болған жағдай үшін белдіктен қағылмайды. Бұған 100 % кепілдік береді. Алайда президент Невада комиссиясына бағына отырып, ары қарай не болатынын солар шешетінін алға тартты. Ал комиссияның шешімі өте ауыр болуы мүмкін. Мәселен Конор жеңілсе де, өзіне керек 3 миллион доллар гонорарын алып үйіне қайтады, ал Хабиб болған келеңсіздік үшін алатын гонорарын кешігіп алады. Себебі комиссия шешімі сондай.

     

Конордың жағдайы не болды?

Мейвезермен болған кездесу алдында шоу жасаудың ең биік шығын көрсеткен Конор, жеңілген соң да сол Конор болып қалған. Алайда ол бокс еді. Бұл өзінің қай майданы болғаннан кейін, жеңіліс тапқаны ауыр соққы боларын анық. Бастысы бизнес тоқтаған жоқ.

Конор халықтың сүйіктісі болып қала береді. Неге?

Болған жағдайға байланысты Хабибтың командасындағы үш бірдей азамат ұсталып, үстінен шағым түскен. Ал Конор мырза кешірім жасап, арыз беруден бас тартқан. Осы әрекеті үшін, дәл қазір әлеуметтік желілерде «Конор жарадың!» деген әр тілдегі мадақ сөздер жазылып жатыр. Ол шоумен, ол ешқашан өз ұпайын жоғалтқан емес. Жеңілді, бірақ психологиялық жағынан бәрібір жеңіп кеткенін мойындау керек.



Екінші кездесу бола ма?

Қарымта кездесу болары анық. Бұл спорт. Ал спорттың бизнеске айналғанын кез келген адам аңғара бастады. Екі жақта келісім арқылы ортада ақша табудың жолын жасайтын спортшылар үшін төбелесе салу не тәйір. Абырой кетсе де, ақша қалтада қалады. Алайда Конор мен Хабибтың бір-біріне деген өшпенділіктің ызғары білініп-ақ тұр. Онсыз да Әлем біріншілігі кезінде өзінің жерлесі Хабибпен емес, Конормен суретке түскен Путиннің әрекеті біраз шу болған.

Қарымта кездесу жайлы ушыққан жағдай басылған соң сөз болуы мүмкін. Әзірге чемпион – Хабиб Нурмагомедов.

0 Пікір Кіру