2018 жылы «Реал Мадридте» қандай өзгерістер болды? - на sport.bugin.kz
Жандарбек Жумагулов - на sport.bugin.kz Жандарбек Жумагулов

Мундиальдан Мундиальға дейін: 2018 жыл «Реал Мадрид» үшін несімен есте қалды?

«Реал Мадрид» клубы үшін биылғы жыл өзгерістерге толы жыл болды. Команда күні кеше ғана клубтық чемпионатта үшінші жеңісіне қол жеткізіп, жылды қорытындылады. Жалпы биыл корольдік клубта қандай өзгерістер болды, соған тоқталайық.

Зидан бас бапкерлік қызметінен кетті

Клуб үшін бас бапкердің орны ерекше екені анық. «Реал Мадридпен» үш рет Чемпиондар лигасын ұтқан француз маманы Зинедин Зидан бас бапкерлік қызметінен кетті. Оның бұл шешімі күтпеген жаңалық болды. Одан соң оның орнына Хулен Лопетеги келді. Алайда Лопетеги үмітті ақтай алмай, орнын босатты. Қазір команданы Сантьяго Солари есімді аргентиналық маман басқарады. Ол бұрын «Реалдың» жастар құрамасы «Кастильяны» жаттықтырған.

Криштиану Роналду «Ювентус» клубына ауысты

Корольдік клубтың сұрмергені Криштиану Роналду туриндік«Ювентус» клубына ауысты. Роналдудың бұл шешімі жанкүйерлерді есеңгіретіп тастады. Себебі Роналдусыз «Реалды» елестету мүмкін емес еді. Ол Мадридке 2009 жылы келіп, көптеген жетістікке жетті. Тоғыз жыл ішінде ол клуб сапында жүріп екі рет Испания чемпионы, төрт рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Ол «Реал»үшін 468 матчөткізіп, 450 гол соқты.Осылайша, испандықклубтыңтарихында еңүздік шабуылшы атанды.

Тибо Куртуа негізгі қақпашы

Зиданның кезінде Кейлор Навас негізгі қақпашы болатын. Алайда Куртуа келіп Навасты негізгі орнынан ығыстырды. Хулен Лопетеги қақпашыны турнир айналымына қарай қойса, Солари түбегейлі түрде Куртуаны негізгі қақпашы қылды. Бұл маусымда костарикалық сегіз ойын өткізіп, сегіз ойынға қатыспады. Навас командада қала ма, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз.

Бэйлдің рөлі өзгерді

Бір жыл бұрын Гарет Бэйлдің командадағы орны анықталмай, Искомен бәсекелес болған еді. Роналду кеткен соң сол қапталдағы шабуылшы рөліне кірісті. Тұрақтылық жетіспесе де Бэйл Абу-Дабидегі клубтық чемпионатта үздік шабуылшы атанды.

Исконың ойнау уақыты қысқарды

Шабуылшы Исконың ойнау уақыты қысқарды. Искомен Бэйл екеуінің орны ауысты. Оның не үшін алаңға жиі шықпай жүргені жанкүйерлерді алаңдатады. Соңғы уақытта Исконың бас бапкер Соларимен әңгімесі жараспай жүргенге ұқсайды. Жақында батыс басылымдары Иско клубқа қош айтуы мүмкін екенін жазған болатын. Дәл қазіргі уақытта футболшыға «Ювентус» пен «Манчестер Сити» клубтары қызығушылық танытып отыр.

Асенсио сүреңсіз ойын көрсетіп жүр

Криштиану Роналду кеткеннен кейін Асенсио шабуыл шебіне жиі араласа бастады. Алайда испандық жанкүйерлер күткендей жақсы нәтиже көрсете алмады. Соларидің кезінде Искоға қарағанда жиі ойнаса да сүреңсіз ойын көрсетіп жүр.

Маркос Льоренте ойынға қосылды

Маркос Льоренте Сантьяго Солари үшін жаңалық болды. Ол Зидан мен Лопетеги бас бапкер боп тұрған уақытта алаңға шықпаған еді. Солари келгелі негізгі құраммен бірге ойнай бастады. Клубтық чемпионаттың финалында Льоренте алғашқы минуттан-ақ алаңға шығып, бір гол соқты. Сол ойынның үздік ойыншыларының бірі болды.

Лука Модрич – «Алтын доп» иегері

Бүкіл әлем асыға күткен «Алтын доп» жүлдесін «Реалдың» жартылай қорғаушысы Лука Модрич жеңіп алды. Ол «Реалда» қатарынан үшінші рет Чемпиондар Лигасында жеңіске жетті. Хорватия құрамасымен әлем чемпионатының финалына шықты. 33 жастағы футболшы қыркүйек айында ФИФА-ның нұсқасы бойынша «Жылдың үздік ойыншысы», УЕФА-ның таңдауы бойынша өткен маусымның үздік ойыншысы атанды. Сөйтіп Модричтің есімі Хорватия елі тарихында  «Алтын доп» алған тұңғыш футболшы ретінде тіркелді.

Команда құрамы жас ойыншылармен толықты

Биыл команда құрамы жас ойыншылармен толықты. Одриосола, Винисиус, Мариано сынды жас ойыншылар келді. Көптеген футбол мамандары жас бразилиялық Винисиус Жуниорға үміт артады. Мадридтік клуб оны «Фламенгодан» 45 миллион еуроға сатып алды.

Қазіргі туриндік «Ювентус» сұрмергені Криштиану Роналду кеткеннен кейін корольдік клубтың ойыны сүреңсіз тарта бастады. Мұны клуб басшылығы да жоққа шығармайды. Клуб президенті Флорентино Перес динамиканы өзгерту керектігін жақсы білсе де әлі үнсіз отыр. Күні кеше келген жас ойыншылар шыңдалғанша командаға бір сұрмерген керек-ақ. Жанкүйерлердің де пікірі осыған саяды деуге болады. Шетелдік БАҚ «Реалға» Бельгия ұлттық құрамасының және «Челси» клубының шабуылшысы Эден Азардың келуі мүмкін екенін жазған болатын. Алайда Азар әзірге асықпайтын сыңайлы. Дәл қазір корольдік клуб «G» тобында көш бастап, плей-офф кезеңіне өтті. 1/8 финалда «Реал» «Аякспен» кездеседі.

0 Пікір Кіру