Хоккейден ел біріншілігі: Павлодарлықтар алда - на sport.bugin.kz
Нұржан Арманұлы - на sport.bugin.kz Нұржан Арманұлы

Хоккейшілер бәсекесі

Қазақстанда шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігі өтіп жатыр. Бәсеке кубогы жолында 11 команда сайысқа түсуде. Әзірге 96 ұпай жинаған павлодарлық "ERTIS" хоккей клубы көш басында келеді.

Турнир кестесінде павлодарлық ұжымнан кейінгі екінші және үшінші орындарға көкшетаулық "ARLAN" және алматылық "ALMATY" хоккей клубтары жайғасқан. Ал елордалық "ASTANA" көш соңында тұр.

Назарларыңызға жуырда өткен бәсекелердің бірін ұсынамыз. Біріншілік аясында қызылжарлық "QULAGER" командасы сырт алаңда атыраулық "BEIBARYS"-пен кездесті.

Атырау қаласында өткен кездесудің алғашқы ойынында қызылжарлық шабуылшы Евгений Попитич есеп ашты. Екі минут өтер-өтпес уақытта айдын иелері есепті теңестіріп, одан кейін соққан тағы бір шайбаның арқасында алға шықты. Қызылжарлық хоккейшілер де қарап қалған жоқ, Ильгиз Нуриев пен Станислав Логинов қарсылас қақпасына қатарынан екі шайба тоғытты. Атыраулықтар да осал емес екен, бір минуттың ішінде таразы басын теңестіре білді. Ойынның аяқталуына жеті минут қалған кезде қызылжарлықтар белсенділік танытып, Станислав Логинов жеңіс шайбасын салды.  Есеп – 4:3.

Келесі күнгі қарымта кездесу айдын иелерінің пайдасына шешілді. Тартысты өткен ойында атыраулықтар есеп ашса, оларға қызылжарлық Евгений Попитич жауап қайтарды. Бұдан соң қарсылас команданың хоккейшілері қызылжарлықтардан екі рет айлаларын асырып, қақпасынан саңылау тапты. Ал  Станислав Логинов есеп айырмасын қысқартқанымен, атыраулықтар Андрей Янков күзеткен қақпаға тағы бір шайба салды. Осылайша, ойын 2:4 есебімен аяқталды.

Қоржынында 73 ұпайы бар қызылжарлықтар турнир кестесінде алтыншы орында келеді. Бүгін олар сырт алаңда ташкенттік "HUMO" командасымен кездеседі.


0 Пікір Кіру