Әлемдегі ең үздік 6 конькишінің біреуі қазақ болған  - на sport.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на sport.bugin.kz Марғұлан Ақан

Сіз білесіз бе?

Өткен ғасырдың көзіқарақты жанкүйерлері болмаса, бүгінгі жастардың басым көпшілігі  Ораз Қаңлыбаевтай дүлдүл конькиші болғанын біле бермейді. Біздің есебіміз бойынша, Ораз Қаңлыбаев Совет Одағы құрамасына енген бірінші қазақ спортшысы. Ораз ағамыз совет құрамасының сапында 1953-1957 жылдары өнер көрсетті. Қаңлыбаев 1952-1953 жылғы қысқы маусым қорытындысында 500, 10 000 метрге жарысудан және көпсайыстағы жиынтық ұпай бойынша әлемдегі ең мойны озық 25 конькишінің қатарынан орын тепті. Нақтылай кетсек, Қаңлыбаев 10 000 метрде 6-шы, үлкен көпсайыста  13-інші,  500 метрде 22-інші орынға табан тіреді («Советский спорт» газеті, 9 мамыр, 1953 ж.) Бұл ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы дүркін-дүркін зұлматтан енді-енді еңсесін көтере бастаған қазақ жұрты үшін зор жетістік еді. Осы жерде қадап айтатын нәрсе, Ораз Қаңлыбаевқа дейін және ол кісіден кейін қысқы спорт түрінен жер шарындағы 25 үздіктің қатарына бірде-бір қазақ спортшысы іліккен жоқ.

Совет одағы құрамасының мүшесі Ораз Қаңлыбаев шетелдік мұзтабандармен бірге. 1950 жылдардың орта кезі

Қазақстан конькишілерінен Совет Одағының тұңғыш спорт шебері Ораз Мұсағалиұлы  1953 жылы   көпсайыста Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды. Ол бір жыл бұрынғы чемпиондық есебін  бірден 17 ұпайға арттырып, негізгі қарсыластарынан оқ бойы шығандап кетті.  5000, 10000 метрге жарыста Совет Одағы мен Қазақстанның бірнеше рекордының мұртын бұзды. Оның бұл рекордтары әлемдік үздік нәтижелермен үзеңгі қағыстырып тұрды.

Ораз Қаңлыбаев Совет Одағының чемпионы атағына «Динамо» спорт қоғамы құрамасы сапында бірнеше мәрте қол жеткізді. Ораз Мұсағалиұлы – Қазақстанның 12 дүркін чемпионы! 1955 жылы  Қытай Халық Республикасының ашық біріншілігінде 2 мәрте жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Қытай - Совет Одағы матчының жеңімпазы.

Қаңлыбаев 29  жасында спортшы кәсібін доғарып, 1959 жылы Совет Одағының кәсіподақтар спорт қоғамы құрамасының аға жаттықтырушысы қызметіне тағайындалды.  Бұл қызметтің тізгіні Мәскеудің қолында екенін ескерсек, Ораз Мұсағалиұлының  одақ мойындаған мықты маман болғанын аңғарасыз. Осы жерде Қаңлыбаев баптаған советтің кәсіподақтар құрамасы сол тұстағы әлемдегі ең жүйрік команданың бірі Норвегиядан басым түскенін айта кету керек.

Ол одақ құрамасына қоса, Қазақстанның жоғары деңгейдегі конькишілер бөлімінің аға бапкері міндетін қатар атқарды. Қазақ маманы советтің кәсіподақтар командасын алты жыл жаттықтырып, 1965 жылы Мәскеудің арнайы тапсырмасымен Монғолия құрамасын 1968 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындауға жәрдемдесті. Ол кезде Мәскеудің сыртқа жіберетін  мамандарға деген талабы өте күшті болатын. Қаңлыбаев сол талап үдесінен шыға білді. Тағы бір жете мән беретін дерек, Ораз Қаңлыбаев 1964, 1968, 1972 жылдары Қазақстанның коньки командасының бапкерлік кеңесін басқарып қана қоймай,  Совет Одағы ұлттық құрамасының бапкерлер алқасына енді. Сол жылдары жер шарындағы ең күшті  коньки құрамасының бірі  -  совет командасына тәлімгер болған Қаңлыбаевтың бапкерлік білігін өзіңіз бағамдай беріңіз.

«Советский спорт» газеті. 9 мамыр, 1953 ж. Қаңлыбаев туралы тарихи дерек

Ораз ағаға қатысты қосымша дерек: оның туған әпкесі Жамал Мұсағалиқызы Қаңлыбаева – техника ғылымдарының докторы атағын алған бірінші қазақ қызы. Қазақстан Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, профессор. Жамал апай 1974 жылы 50 жасында өмірден озды. Бір шаңырақтан қазақ спорты мен ғылымының екі бірдей дарабозы шығыпты. Тақыр жерге шөп шыға ма? Арғы аталарында немесе  нағашы жұртында текті кісілер болғаны анық.

«Ораз Қаңлыбаев ақкөңіл, аңқау адам болатын, - дейді ардагер спорт журналисі Жүсіп Хисымов. -  Ол кісіге өгіз бұзаулады десең, сеніп қалушы еді...»

Ораз Мұсағалиұлы 1989 жылы 59 жасында өмірден озды.

Қыдырбек Рысбек


0 Пікір Кіру