Жәнібек Әлімханұлы: көп күттірмейін, аз қалды! - на sport.bugin.kz
Марғұлан Ақан - на sport.bugin.kz Марғұлан Ақан

Үш бірдей алыпқа сес көрсеткен қазақ баласы

Кәсіпқой бокста төрт рет қана айқасқа түскен Жәнібек Әлімханұлы өзінің инстаграмдағы парақшасында дүние жүзі бойынша орта салмақтағы ең мықты үш боксшыға сес көрсетті. Енді Жәнібек бауырдың сөзіне назар салайық: «Қалайсыңдар, чемпиондар? Ұтылып қалмаңдар. Жақында әрқайсыңнан өз белбеуімді аламын. Қазір сендер мені тек инстаграмнан ғана көріп отырсыңдар. Жақында рингте бетпе-бет жүздесеміз. Сендерге қазақ бокс стилін көрсетемін. Ол жекпе-жек өмірлеріңдегі естен кетпес жекпе-жек болады, сеніңдер». Жәнібек жұдырығын білеп отырған саңлақтар түрлі версиялар бойынша дүние жүзінің чемпиондары: Саул Альварес, Дэниел Джейкобс, Деметриус Андраде.

Мексикалық Саул Альварес былтыр Геннадий Головкинді жеңген сұрапыл боксшы. WBA, WBA, WBO версиялары бойынша дүние жүзінің бірнеше дүркін чемпионы. Жасы 28-де. 2013 жылы Флойд Мейвезермен қолғап түйістірген Саулдың бокс әлеміндегі беделі өте жоғары. Саул Альварестің кәсіпқой боксқа ден қойғанына 13 жылдан асты.Саул жақында DAZN онлайн-стриминг компаниясымен 5 жылға 365  млн.  долларлық келісім жасады. Бұл әлемдік спорт тарихындағы ең олжалы сауда дейді білетіндер. Осындай сойқан боксшыны жекпе-жекке шақырып отырған біздің Жәнібек  жүрек  жұтқан батырдың нағыз өзі-ау.

Ал америкалық  Дэниел Джейкобс 29 қарсыласын нокаутқа түсірген дүлейдің өзі. Дэниел әуесқой бокста 144 рет шаршыға түсіп, әбден ысылып барып кәсіпқой бокстың табалдырығын аттады. IBF, WBA версиялары бойынша бірнеше рет әлем чемпионы. Жақында 32-ге толады.  Ол 2017 жылы Геннадий Головкиннен ұпай айырмасымен ұтылды. Бірақ бәсеке соңынан қазылар шешімімен келіспей, екі ұпай артықшылығымен Головкинді ұттым деп мәлімдеді. Дэниел орта салмақтағы ең бір соққысы зілбатпан боксшының бірі.

Америкалық  Деметриус Андраде әуесқой бокстан 2007 жылғы әлем чемпионы. Кәсіпқой рингте он жыл бойы жан баласынан жеңіліп көрген жоқ.  27 айқастың   17-сінде қарсыластарын есеңгіретіп ұтыпты. Деметриус Андраде  алдағы ақпанның соңында 31-ге толады. WBA,WBO версиялары бойынша дүние жүзінің бірнеше мәрте чемпионы.

Біздің батыр осындай жігіттермен жұдырықтасуға асығып жүр екен. Құптаймыз. Тілектеспіз. Бокс дүниесінде  Мұхаммед  Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо деңгейінде бір қазақтың атой салғанын біз де арман қыламыз. Бірақ бұл жалғанда адам баласының нығметі Алланың қолында екенін бір сәт естен шығаруға болмайды. Жәнібектің қасында Берік Сұлтан секілді иманды, тәрбиелі азамат бар. Сондықтан Жаратқан Ие әлі нәсіп ете қоймаған белбеуді «аламын» дегеннен гөрі, Жәнібектің: «бұйыртса, аламын» дегені дұрыс болар еді. Өйткені, біз әлсіз пендеміз. Бір минуттан кейін басымызда қандай жағдай болатыны бізге белгісіз.

«Менің салмағымның чемпиондары ғой. Бұйыртса, көп күттірмеймін. Өзімнің де көп күткім келмейді. Ломаченкодан қазақ боксшыларының еш жері кем емес. Біз де қысқа уақытта чемпиондармен жұдырықтаса аламыз. Бұйыртса, аз қалды! Ең бастысы, сенім және тынбай жаттығу қажет!» Иә, Жәнібек осылай дейді. Алла Тағала сені тіл-көзден, көлденең қырсықтан сақтасын, Жәнібек бауыр! Бүкіл алаш жұрты тілеулесің екенін бір сәт есіңнен шығарма!

Естеріңізге сала кетейік, Жәнібек Әлімханұлы 25 жаста. Әуесқой бокстан 2013 жылғы әлем және Азия чемпионы. 2014 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы. Жәнібек қазір әлемге әйгілі бокс бапкері, америкалық Джеймс Макгирттің қол астында жаттығып жүр. Макгирт 15-тен аса дүние жүзі чемпионын баптауға атсалысқан өте білікті маман.

Қыдырбек Рысбек

Дереккөз: Қамшы ақпарат

0 Пікір Кіру