Қазақ күресіндегі жаңа есім - на sport.bugin.kz
Әсем Пірмағамбет - на sport.bugin.kz Әсем Пірмағамбет

Батыр туса ел ырысы


«Таң қалуға бір-ақ сәт жетеді, ал таң қалдыруға адамның ғұмыры да жетпейді» - демекші, әйгілі Мұқан Мұңайтпасұлы ағамыздың кілем үстіндегі өнерін көргенде таң қалмаған жан жоқ шығар, сірә. Өзінен бұрынғы қандастары баспаған топырақты басып, көрмеген елді көріп, өзге қазақ тақпаған алтын, күміс медальдарды мойнына тұңғыш ілген Қажымұқанның ізін басушылар қатары бүгінде күн санап артып келеді. Солардың қатарында жас та болса биік белестерді бағындырып үлгерген Өтеулиев Қажымұқан да бар.

1992 жылы Алматы облысы, Талғар ауданында дүниеге келген Қажымұқанның әкесі Сыдық ағамыз да өз уақытында кәсіби күреспен айналысқан екен. 

«Ендігі әке жолын бала қусын» деген тілекпен Қажымұқанды күреске ертіп апарған адам да осы кісі. Құлағына азан шақырып қойған есімі де тегін емес-ті. Бүгінде Қажымұқанның дзюдо күресімен айналысқанына 13 жыл толыпты. Балуан 2006 жылы өткен өзінің тұңғыш жарысында алтын жүлдеге ие болғанын езу тарта еске алады. Осы жарыстан кейін бойына сенім мен жігер серік болғандай.  Әр жаттығуында дайындық артын дайындықпен толтырып отырған балуан Түркия, Корея, Германия елдеріне жол тартып, бар өнерін ортаға салды. Осындай дүбірлі додалардан кейін жүрегінде жеңіс оты тұтанған жас Қажымұқанның ендігі арманы күреспен кәсіби тұрғыда айналысу еді.  Міне, осындай тілекпен балуан 2012 жылдан бастап ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының Чемпионаты на қатыса бастайды.  Балуан үшін биылғы жыл аса жемісті болды десек артық айтпаспыз. Жуырда Астана қаласында Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті. Бұл жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген балуандар күш сынасқан болатын. Жарыстың екінші күні өнер көрсеткен Өтеулиев Қажымұқан 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Осылайша Талғар жұртына алтыннан алқа кигізген балуанымыз дзюдо күресінен Қазақстанның көшін бастап тұр. Бүгінде Қажымұқан ақпан айында Германияның Дюссельдорф қаласында өтетін «GrandSlam» жарысына дайындалуда.  «Grand Slam - мен үшін аса маңызды жарыстардың бірі. Таразының бір басында елімнің намысы тұрғанын да жақсы түсінемін. Менің алдағы мақсатым осы дзюдодан өтетін Әлем Чемпионатында лайықты өнер көрсетіп, еліме, халқыма алтын жүлде тарту ету»- дейді Қажымұқан. Біз Қажымұқан балуанымыздың Дюссельдорф төрінде қасиетті көк туымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқататынына еш күмән келтірмейміз.



0 Пікір Кіру