Роналдусыз «Реал» ширек финалдан кері қайтты - на sport.bugin.kz
Жандарбек Жумагулов - на sport.bugin.kz Жандарбек Жумагулов

Үш жыл қатарынан чемпиондық атақты бермеген мадридтік «Реал» жарыс жолынан шығып қалды

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалына екі команда («Аякс» және «Тоттенхэм») шықты. Үш жыл қатарынан чемпиондық атақты бермеген мадридтік «Реал» жарыс жолынан шығып қалды.

Мадридтіктер 1/8 финалда «Аякстан» айласын асыра алмады. Бірінші ойында 2:1 есебімен ұтқанмен, Мадридте өткен қарымта ойында қара басты. Нидерланд елінен келген командаға 1:4 есебімен ойсырай жеңілді.
Ойынның жетпісінші минутында Асенсио гол соғып, есепті қысқартқан. Бірақ бұл гол мадридтіктерді қуанта қойған жоқ. Араға 2 минут сала «Аякс »ойыншылары төртінші голын соқты. Тіпті корольдік клуб ойынды он футболшымен аяқтады. Кездесу соңында жүйкесі сыр берген Начо алаңнан қуылды.
Корольдік клубтың бұл жеңілісін жанкүйерлер мен танымал футбол мамандары әйгілі сұрмерген Криштиану Роналдудың жоқтығымен байланыстырады. Мәселен:
Роналду келгенге дейін: 
- 04/05: 1/8 финалдан ұшты
- 05/06: 1/8 финалдан ұшты
- 06/07: 1/8 финалдан ұшты
- 07/08: 1/8 финалдан ұшты
- 08/09: 1/8 финалдан ұшты
Роналду келгеннен кейін: 
- 09/10: 1/8 финалдан ұшты
- 10/11: жартылай финал
- 11/12: жартылай финал
- 12/13: жартылай финал
- 13/14: жеңіс
- 14/15: жартылай финал
- 15/16: жеңіс
- 16/17: жеңіс
- 17/18: жеңіс
Роналду кеткеннен кейін: 
- 18/19: 1/8 финалдан ұшты
Иә, әйгілі сұрмергеннің кетуі командаға қатты әсер еткенге ұқсайды. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Бір маусымда 40-50 гол соғатын ойыншыны табу өте қиын. Оның есімі «Реал» тарихында алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.
Бұл жөнінде футбол мамандары не дейді? 

Рональд де Бур (әйгілі голланд футболшысы):

«Реал Мадридтік Роналду кеткеннен кейін жағдайы қиындап кетті. Олар мұны қабылдау керек. Менің ойымша, клуб Криштиану Роналдуды Зиданнан да қатты сағынатын сияқты. Ол нағыз сұрмерген. Оның жоқтығы қатты байқалады».

Руд Гуллит (Нидерланды құрамасының бұрынғы жартылау қорғаушысы):

«Зидан Роналду кеткеннен кейін бас бапкерлік қызметінен өз еркімен бас тартуы көп нәрсені аңғартады. Бұған мән беріп қараңыз. Кез келген бапкер өте ауыр тапсырманы орындап, ойындағысын жүзеге асырғысы келеді. Ал Роналдудың жоқтығы маусымда 50 гол жоқ деген сөз».

Дэвид Мойес («Вест Хэм» клубының бұрынғы бапкері):

«Реал Мадрид» былтырғы маусымда көп гол соқты. Қазіргі болып жатқан жағдайдың бәрі Роналдудың кетуімен тікелей байланысты».

Пирс Морган (танымал ағылшын журналисі):

«Бірде-бір ойыншы командадан асып кетпейді. Егер бұл ойыншы Криштиану болмаса...»

«Реал» «Сантьяго Бернабеуде» өткен 20 ойында 37 гол соқты. Ал Роналду бар кезде тоғыз маусым бойы өз алаңындағы 20 ойындағы голдар саны орташа есеппен 62-ге жеткен еді. Демек, корольдік клубтың голдары саны бұл маусымда алдыңғы маусымдарға қарағанда 25 голға кем. Бұл көрсеткіш команда құрамын жаңадан жасақтау немесе жоғары деңгейдегі футболшыларды алу керек дегенді білдіреді.

Айта кетейік, қос ойын қорытындысы бойынша Нидерланд елінен келген команда 5:3 есебімен ширек финалға өтті. Сөйтіп «Реал» бұл маусымда қатарынан үш жүлдеден (Испания кубогы, Испания чемпионаты және Чемпиондар лигасы) қағылып отыр. Сондай-ақ, мадридтіктер «Барселонаға» қарсы соңғы екі ойында да жеңілістің ащы дәмін татқан еді.

0 Пікір Кіру