Ахмедов пен Ербосынұлы Алматы төрінде жеңіске жетті - на sport.bugin.kz
Мəке Журналист - на sport.bugin.kz Мəке Журналист

Алматы төрінде Айдос Ербосынұлы, Садриддин Ахмедов және Нұрсұлтан Жаңабаев секілді танымал былғары қолғап шеберлерінің қатысуымен бокс кеші өтті.

Диас Тастеміров – Малхаз Суджашвили (Грузия): нокаут

Екінші орта салмақта жұдырықтасатын Диас Тастеміров (3-0, 3КО) қарсыласы Малхаз Суджашвилимен (10-4, 8 КО) жекпе-жек өткізді. Жеңіліс дәмін татпаған отандасымыз 6 раундта жоспарланған жекпе-жекте грузин боксшын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді.

Асхат Жантұрсынов – Рамази Гогичашвили (Грузия): төрешілердің шешімімен

Бірінші ауыр салмақта өткен Асхат Жантұрсынов (3-0, 3 KO) пен грузин боксшы Рамази Гогичашвили (22-27-2, 10 КО) арасындағы жекпе-жек барлық 6 раундқа созылды. Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен ұтты.

Искандер Харсан – Джаба Мемишиши: нокаут

Екінші аса жеңіл салмақта өткен жекпе-жекте Искандер Харсан (5-0, 4 KO) грузиялық Джаба Мемишишиді (8-10, 1 КО) екінші раундта нокаутпен ұтты.

Нұрсұлтан Жаңабаев – Иван Матуте: техникалық нокаут

Кештің басты жекпе-жектерінің бірінде Нұрсұлтан Жаңабаев (6-0, 4КО) венесуэлалық қарсыласын жеңді. Бірінші орта салмақта WBC Asia чемпионы Нұрсұлтан Жаңабаев 29 жекпе-жек өткізіп, оның тек біреуінде жеңіліс тапқан Иван Матутемен (28-1-23 КО) жұдырықтасты. Жекпе-жектің алғашқы минутынан қарсыласын шыдатпаған. Бірінші раундтан соң венесуэлалық боксшы жұдырықтасудан бас тартты.

Осылайша, жеңіске жеткен қазақстандық боксшы бірінші орта салмақта WBA Intercontinental чемпиондық белбеуін иемденді.

Садриддин Ахмедов – Джон Руба: төрешілердің шешімімен

Ал болашағынан көп үміт күттіретін жас боксшы Садриддин Ахмедов бір айдың ішінде екінші чемпиондық белбеуді қанжығасына байлады. Бірінші орта салмақта жұдырықтасатын отандасымыз WBC Asia чемпиондық белбеуі үшін индонезиялық боксшы Джон Рубамен (17-5-1, 9 КО) қолғап түйістірді. WBC тұжырымы бойынша жастар арасында әлем чемпионы «Қазақ сарбазы» төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті.

21 жастағы Садриддин Ахмедов соңғы жекпе-жегін қаңтарда Канаданың Монреал қаласында өткізіп, 20 жасар мексикалық Абрахам Хуаресті төртінші раундта нокаутпен жеңген болатын.

Айдос Ербосынұлы – Лукас Ндафолу: төрешілердің шешімімен

Кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдос Ербосынұлы (10-0, 8 КО) мен намибиялық боксшы Лукас Ндафолу (15-1, 6 КО) жұдырықтасты. Айқас жоспарланған 10 раундқа созылды. Кәсіби мансабында жеңіліс дәмін татпаған қазақстандық боксшы 16 кездесуінің тек біреуінде ұтылған Лукас Ндафолуді төрешілердің бірыңғай шешімен жеңді. Осылайша, ол WBO Global, WBC Asia және WBA Inter-Continental чемпиондық белбеулерін қорғап қалды.

Естеріңізге сала кетейік, Айдос Ербосынұлы соңғы жекпе-жегін өткен жылдың желтоқсан айында өткізген. Ол Мәскеуде өткен бокс кешінде қарсыласы бельгиялық Илияс Ачергиді (12-4-1, 6 КО) жеңіп, WBO Global белбеуін иеленген еді.

0 Пікір Кіру