Чемпиондар лигасы. Естен кетпес камбэктер - на sport.bugin.kz
Жандарбек Жумагулов - на sport.bugin.kz Жандарбек Жумагулов

Естен кетпес камбэктер

Биылғы Чемпиондар лигасы футбол тарихында алтын әріптерімен жазылуы мүмкін. Олай дейтін себебіміз, биылғы маусымда жанкүйерлер күтпеген нәтижелер тіркелді. Оны футбол тілімен "камбэктер маусымы" десек те болады. Сонымен, биылғы Чемпиондар лигасында қандай қызықты оқиғалар орын алды? Бірге саралап көрейік!

«Аякс» — «Реал»

Алғашқы ойын — 1:2. Қарымта ойын  — 4:1

Ең әуелі ширек финалда 3 жыл қатарынан чемпион атанған "Реал Мадрид" клубы "Аякстан" аса алмай, жарыс жолынан шығып қалды. Корольдік клуб алғашқы ойында 2:1 есебімен ұтқанмен, өз алаңында 1:4 есебімен ойсырай жеңілді.

Жанкүйерлер "Аякс" клубының сербиялық легионері Душан Тадичтің шеберлігіне тәнті болды. Ойынның 7 минутында Тадич Хаким Зиештің гол соғуына жәрдемдессе, 18 минутта Давид Нереске нәтижелі пас бере білді. Ал 62 минутта өзі гол соғып, жеңіске біртабан жақындады. 70 минутта Марко Асенсио есепті қысқартса да, одан еш көмек болмады. Көп кешікпей Ласло Шоненің айып соққысынан тепкен добы Тибо Куртуа қақпасының торында тулады. Қос ойын қорытындысы бойынша "Аякс" ширек финалға жолдама алды.

«Атлетико» — «Ювентус»

Алғашқы ойын — 2:0. Қарымта ойын — 0:3. 

Алғашқы ойында мадридтік команда 2:0 есебімен ұтқан еді. Алайда қарымта ойында «Ювентус» қарсыластарынан басым болды. Криштиану Роналду хет-трик жасап, командасына жеңіс сыйлады. Мадридтегі жеңілістен кейін туриндік клубтың тасқамал қорғанысы бар «Атлетиконы» сан соқтырып кетеріне ешкім сенбеген сыңайлы. Алайда Чемпиондар лигасының королі Криштиану Роналду камбэк жасап, ойынның қаһарманы атанды.

«Ювентус» сұрмергені ойынның 27 минутында есеп ашса, екінші голды 48 минутта соқты. Екі голды да баспен соқты. Кездесу аяқталар тұста Хименес өз айып алаңында Бернардескиге қарсы ереже бұзып, бас төреші Бернд Кейперс пенальти белгіледі. Роналду бұл мүмкіндігін мүлт жібермеді.қос ойын қорытындысы бойынша италиялық команда 3:2 есебімен ширек финалға өтті.

«Манчестер Юнайтед» — «ПСЖ»

Алғашқы ойын — 0:2. Қарымта ойын — 3:1.

Бірінші ойында Францияның ПСЖ клубынан 0:2 есебімен ұтылған "Манчестер Юнайтедтің" ширек финалға шығуы екіталай болған еді. Алайда Сульшер шәкірттері жанкүйерлерге күтпеген тосынсый жасады.

Ромелу Лукаку дубль жасады. Бірінші голды 2 минутта-ақ соқса, екінші голды Джанлуиджи Буффонның қолынан допты шығарып алған сәтін ұтымды пайдаланыпсоғып кетті. Осы аралықта "ПСЖ" есепті теңестірген болатын. Ойынға қосылған қосымша уақытта "қызыл сойқандар" пенальти тебуге мүмкіндік алды. Видеоқайталауды қараған бас төреші ПСЖ қақпасына пенальти белгіледі. Ал Маркус Рэшфорд мүлт кетпеді. Сырт алаңда соғылған голдар саны бойынша "Манчестер Юнайтед" ширек финалға шықты.

«Рома» — «Порту»

Алғашқы ойын — 2:1. Қарымта ойын — 1:3.

Бірінші ойында ұтылған "Порту" жанкүйерлерін қуанта білді. Нағыз қызық қарымта ойында орын алды. Ойын тағдыры қосымша уақытта шешілді.

26 минутта Франсиско Соарес португалдық команданы алға шығарды. Бірінші тайм аяқталғанша римдік команда есепті теңестіре білді. Даниэле де Росси пенльтиді сәтті орындады. 52 минутта Мусса Марега гол соғып, алаң иелері жеңіске біртабан жақындады. Қос ойындағы есеп тең болған соң қосымша уақыт белгіленді. VAR қайталауынан кейін бас төреші қонақтар қақпасына пенальти белгіледі. Алекс Теллес командасына жеңіс сыйлады.

«Барселона» — «Ливерпуль»

Алғашқы ойын — 3:0. Қарымта — 0:4.

Месси бастаған "Барселонаның" тас талқанын шығарған "Ливерпуль" нағыз сенсация жасады. Бірінші ойында "Барселонадан" 3:0 есебімен ұтылған Клопп шәкірттері қарымта ойында нағыз камбэк жасады.

"Камп Ноуда" өткен бірінші ойыннан кейін "Ливерпуль" жанкүйерлерінің ұнжырғасы түсіп, келесі кезеңге өтуге сенімі азайған еді. Тіпті көп сарапшы финалға өте алмайтынын айтқан екен. Мұхамед Салах пен Роберто Фирминьоның алаңға шықпауы да көп жайтты аңғартқандай болған. Алайда қарымта ойында күтпеген нәтиже орын алды. Юрген Клопп жаттықтыратын команда каталондық клубты 0:4 есебімен ойсырата ұтып, сенсация жасады.

Алғашқы голды бірінші таймның 7 минутында Дивок Ориги соқты. Қалған голдар екінші таймда соғылды.Андрю Робертсонның орнына кірген Джорджиньо Вейналдум небәрі екі минуттың ішінде дубль жасап, есепті еселеді. 79 минуттаТрент Александр-Арнольдтың қулықпен асырған добын Дивок Ориги сәтті пайдаланып, команданы жеңіске бастады.

«Тоттенхэм» —«Аякс»


Алғашқы ойын — 0:1. Қарымта ойын — 3:2.

Амстердамдық «Аяксқа» қарсы ойында Почеттино шәкірттерінің асығы алшысынан түсті. Бір апта бұрын Лондонда өткен кездесуде "Аякс" 1:0 есебімен жеңген еді. Алайда Амстердамдағы ойын алаң иелерін финалға жеткізбеді.

Алғашқы таймда соғылған екі голдың өзі "Аякстың" жеңетініне күмән тудырмаған болатын. Бірақ екінші таймда таңғажайып күтіп тұр-ау деп ешкім ойлаған жоқ. Лукас Моураны тұсап ұстауға "Аякс" ойыншыларының шамасы жетпеді. Ол бар-жоғы 5 минут ішінде есепті теңестіріп кетті. Ойын аяқталар тұста үшінші голын соғып, командасын финалға алып шықты. "Аякс" соңғы 5 минутта сан соғып қалды. Сырт алаңда соғылған голдар саны бойынша Почеттино жаттықтыратын команда финалға жолдама алды.

Айта кетейік, 2008 жылдан бері Чемпиондар лигасының финалында алғаш рет қос ағылшындық клуб ойнайды. Финалдық ойын 1 маусым күні Мадридтегі "Метрополитано" алаңында өтеді.

0 Пікір Кіру