Қоңқабаев пен Құлахмет – Қызылорда боксының көзқуанышы - на sport.bugin.kz
Рыскелді ЖАХМАН - на sport.bugin.kz Рыскелді ЖАХМАН

Бокстан әлем чемпионатына баратын ұлттық құрама мүшелері анықталды

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев 8-22 қыркүйек аралығында Ресейде өтетін әлем чемпионатына қатысатын боксшылардың есімін жариялады.

Олар:

1. Сәкен Бибосынов (52 келіге дейін);

2. Қайрат Ерәлиев (57 келіге дейін);

3. Зәкір Сафиуллин (63 келіге дейін);

4. Абылайхан Жүсіпов (69 келіге дейін);

5. Тұрсынбай Құлахмет (75 келіге дейін);

6. Бекзат Нұрдәулетов (81 келіге дейін);

7. Василий Левит (91 келіге дейін);

8. Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары).

Екатеринбург төрінде ел намысын қорғайтын осы 8 спортшының екеуі Қызылорда облысының былғары қолғап шебері екенін айта кету керек. Қамшыбек Қоңқабаев пен Тұрсынбай Құлахмет – Сыр бокс мектебінің түлегі. Осы орайда біз қос боксшымен телефон арқылы тілдесіп, әлем чемпионаты туралы аз-кем ойларын біліп, сәт-сапар тілеген едік.

Әуелі Тұрсынбаймен байланысудың сәті түсті. 75 келіде бақ сынайтын боксшыдан қазақстандық қарсыластары туралы сұрадық.

- 75-те қазір қарсылас жігіттер көп. Рас, бәрі мықты. Бөліп-жарып айта алмаймын, - деп қысқа қайырды чемпион. 

Әлеуметтік желілерде «75 келі салмақта әлем чемпионатына баруға кім лайық?» деген сұрақ мұнан бірнеше апта бұрын қойылған еді. Сонда сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі біздің Тұрсынбайдың есімін атағаны жасырын емес. «Осы жігіт соңғы кездері бабында жүр» десті ондағылар.

- Бұл салмақтың көшбасшысы Әбілхан Аманқұл болғанымен, жанкүйер қауым биылғы Азия чемпионатында Тұрсынбай Құлахметтің өнеріне тәнті болды. Әбілханды жеңген өзбек боксшысы Исраил Мадримовты Таиланд жерінде қуалап жүріп сабады. Нұр-Сұлтан қаласында өткен Президент кубогында да қарсылас шыдатқан жоқ. Оның үстіне Әбілхан Аманқұл жарақатынан толық айықпады. Сол үшін Тұрсынбай тағы бір мәрте өзін дәлелдеуге мүмкіндік алып отыр, - деп жазды проспорт.кz сайты.

Ал, ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтың «75 келіде Азия чемпионы Тұрсынбай Құлахметке үміт артамыз» деген сөзі құлаққа майдай жағуда.

- Оқу-жаттығу жиыны басталды. Шүкір, жақсы өтіп жатыр. Дайындық жұмыстары 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Әлем чемпионатында бұйырғанын көреміз. Баппен бірге бақ та керек ғой,- дейді боксшының өзі.

Қазақ елімен қоса, Сыр елінің намысын қорғайтын екінші спортшымыз Қамшыбек Қоңқабаев – 91 келіден жоғары салмақта сөзсіз көшбасшы. Қазірше, оның орнын басатын фаворит анық байқалмайды. Азия чемпионатында – күміс, Президент кубогында алтын медаль алған, бокстан ұлттық құраманың капитанынан шетелдік қарсыластары туралы сұраған едік.

- Ештеңе айта алмаймын. Әлем чемпионаты болған соң, оңай қарсылас деген жоқ. Бәрі мықты дайындықпен келеді, - деді ол.

Сондай-ақ, әзірге тынымсыз дайындықта екендіктерін, барлығы өз деңгейінде жүріп жатқандығын жеткізді.

Жалпы, осымен 20-шы мәрте өткелі отырған әлем біріншілігінде 91 елден 488 боксшы бақ сынамақ. Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына 1993 жылдан бері қатысып келеді. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері 13 әлем біріншілігінде 11 алтын, 12 күміс, 17 қола медальға қол жеткізген. Чемпионат тарихындағы жалпыкомандалық есепте төртінші орында тұр. Қазақстан ұлттық құрамасының алдына Куба, КСРО/Ресей және АҚШ құрамасы ғана шыққан.

Қазақстан құрамасы үшін ең табыстысы – Алматыда (2013 жылы) өткен әлем чемпионаты. Ол кезде біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алған еді. 2015 жылы Катарда өткен әлем біріншілігінде ел құрамасы екі қола медальмен ғана шектелді. Оларды Данияр Елеусінов (69 келі) пен Иван Дычко (91 келіден жоғары) жеңіп алды.

Араға тағы екі жыл салып өткен 19-шы әлем чемпионаты да біз үшін аса табысты бола қойған жоқ. Германияның Гамбург қаласында Мырзағали Айтжанов шәкірттері 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте Куба мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орынға жайғасты.

Айта кетерлігі, соңғы екі әлем біріншілігінде де біздің құрама Өзбекстан ұлттық құрамасынан оза алмай жүр. «Өзбек боксшыларына есеміз кетіп жүр» дегенді кез келген бокссүйер қауым айтады. Таиланд астанасы Бангкокте өткен ХХХ Азия чемпионатында Өзбекстаннан тағы жеңілгеніміз бар. Онда бізге бұйырғаны 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль болды. Ала шапанды ағайындар 4 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге қол жеткізді.

Десе де, Екатеринбург төріне Азияның ғана емес, әлемнің үздіктері жиналады. Демек, қарсыласымыз тек өзбектер ғана емес. 2015, 2017 жылғы әлем чемпионаттарында, 2017, 2019 жылғы Азия чемпионаттарында, 2016 жылғы Олимпиада ойындарында, 2017 жылғы Азия ойындарында көршілерімізден қалып кеткенімізді еске алуға болады.

Қалай десек те, Қоңқабаев пен Құлахмет – Қызылорда боксының көзқуанышы. Екі апта бұрын ғана облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Азатұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлем чемпионаттарына қызылордалық спортшыларды қатыстыру, дайындығын қамтамасыз ету мәселесін басты назарда ұстайтынын айтқан еді. Сондай-ақ, біз сөз еткен қызылордалық қос боксшыға үлкен сенім артып отырғанын да жеткізген болатын. Лайым, сүйіншілейтін сәтті күтейік!

 

 


 


0 Пікір Кіру