Конфедерация Кубогінің жеңімпаздары анықталды - на sport.bugin.kz
Бекет Айсұлтан - на sport.bugin.kz Бекет Айсұлтан

Облыстар арасындағы турнир осымен қатарынан үшінші жыл жеңімпаздарды анықтады

Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлерінен 2018 жылғы Конфедерация Кубогінің жеңімпаздары анықталды. Бұл турнир 2016 жылдан бастап жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. 

Бүгін, 9 желтоқсан күні Алматыдағы "Балуан Шолақ" спорт сарайында финалдық бәсекелер өтті.

Алғаш болып рингте әр облыстан іріктеліп шыққан былғары қолғап шеберлері өзара мықтыны анықтады. Бокстан финалдық сында Түркістан және Маңғыстау облыстарының шаршы алаң шеберлері кездескен болатын. Тартысты өткен бәсекеде 5:4 есебімен Маңғыстау облысы алтын медальға иелік етті.

Қазақ күресінен финалда Қарағанды облысы мен Алматы қаласының балуандары белдесті. Тартысқа толы жекпе-жектер нәтижесінде қарағандылық балуандар Конфедерация кубогінің жеңімпазы атанды.

Грек-рим күресінен Алматы облысы мен Алматы қаласының классиктері турнирдің алтын жүлдесін сарапқа салған болатын. Бозкілемдегі балуандардың айқасында Алматы қаласының классиктері өздерінің мықты екендіктерін дәлелдеп, жеңіске жетті.

Таэквондошылардың финалында Түркістан облысы мен Алматы қаласының спортшылары кездескен болатын. Ақтық сында алматылық таэквондошылар 82:42 есебін тіркеп, жеңістің ең биік сатысына көтерілді.

Еркін күрестен финалдық сында Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының бозкілем шеберлері өзара мықтыны анықтады. Тартысты өткен кездесуде шығыс қазақстандық балуандар 4:2 есебімен қарсыластарынан басым түсті.

Ең соңғы болып дзюдодан татами шеберлері жеңімпазды анықтады. Ақтық сында Атырау облысы мен Қарағанды облысының дзюдошылары жолығып, 4:2 есебімен атыраулық дзюдошылардың мерейі үстем болды. 

Финалдық сайыстың жеңімпаздары кубок және медальмен ғана емес, сонымен қатар 25 миллион теңгемен марапатталды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 125 миллион теңгені құрады.

0 Пікір Кіру