Нұрислам Санаев: «Мені Ақтөбеде «Байғаниннің адайы» деп атайды - на sport.bugin.kz
Бекет Айсұлтан - на sport.bugin.kz Бекет Айсұлтан

Нұрислам Санаевты спорт сүйер қауымға таныстырып жатудың өзі артық шығар. Бауырлас Тыва ұлтынан шыққан еркін күрес шебері Қазақстанға келіп, еліміздің атын шығарып жүргенін барлығы біледі. Рио Олимпиадасы алдында ол өзінің Артас Санаа деген есімін қазақша Нұрислам Санаев деп өзгертіп, бұл күнде осы атпен әлемге танылды. Төмендегі шағын сұхбатта біз даңқты палуан туралы оқырманға ақпарат бере кеткенді жөн көрдік

Нұрислам Санаев(Еркін күрестен Азия чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері):

«Мені Ақтөбеде «Байғаниннің адайы» деп атайды

Нұрислам алдымен оқырманға өзіннің туып өскен жерін және спортқа алғаш келген кезің туралы айтып өтсең?

- Мен 1991 жылы Ресейдің Тыва республикасында Чадан деген ауылда дүниеге келдім. Бұл ауылдан Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу шыққан. Ол кісі мен туралы сырттай біледі екен. 4-ші класста оқып жүргенде еркін күрес секциясына жазылып, Артур Делгер-оол деген бапкерден күрестің қыр-сырын үйрендім. Мектеп бітіргенше күреспен айналысып, сосын Красноряск қаласындағы Бувайсар, Адам Сайтиев секілді атақты палуандар тәлім алған Дмитрий Миндиашвилидің академиясына оқуға түстім.

2012 жылы И.Ярыгин атындағы халықаралық турнирде үшінші орын алып, Ресей құрама командасына қабылдандым. Менің бапкерім 2 дүркін әлем чемпионы, Адам Сайтиев, Заур Батаев секілді палуандардың тәлімгері Виктор Алексеев болды. Құрамада бәсекелестік өте жоғары болатын. Менің салмағымда екі дүркін әлем чемпионы Виктор Лебедов пен Еуропа чемпионы Гаджимурад Рашидовтар бар. Ал менде тәжірибе болған жоқ. Мен сол кезде: «30 жасыма дейін әлем чемпионатына қатыссам екен» армандайтынмын.

2014 жылы Мәскеу қаласында өткен Еуропа халықтарының кубогы жолындағы бәсекеде спорт жанашыры Еркін Ізбасаров ағаммен таныстым. Мен ол жарыысқа көрермен ретінде барған едім. Ол кісі маған: «Қазақстан атынан әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына қатыса аласын ба?», деп сұрады, «Әрине, егер қолдау мен мүмкіндік болса қатысамын», - дедім. Сөйтіп Еркін ағамның қолдауымен Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбеге келіп қалдым.

- Қазақстанға келген кезде сені қалай қабылдады?

- Өте жақсы қабылдады. Қазақстанға келгесін ең бірінші рет ел біріншілігінде екінші орынға ие болып, ұлттық құрама сапына алындым. Сосын Ташкентте өткен әлем чемпионатында 61 келі салмақта өнер көрсетіп, қола жүлде үшін болған белдесуде ұтылдым. Бір жылдан кейін Лас-Вегаста өткен әлем бірінлішігінде өз салмағымда, яғни 57 келіде белдесіп тағы да қола жүлде үшін таласта жеңіліске ұшырадым. Дегенмен сол жолы Рио олимпиадасына жолдамаға қолым жетті.

- Риода сенің ұтылмағанынды көзіміз көрді. Бірақ амал не..

- Үлкен спортта кейде ондай жағдайлар болып тұрады аға. Оған бола қайғырмау керек. Мен елім үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым және әлі де жасаймын деп ойлаймын. Олимпиададан келгесін оқу-жаттығу жиындарынан қалмай, елішілік жарыстарға қатысып жүріп 2017 жылы Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсем, 2018 жылы Азия чемпионы атандым. 

- Биылғы Будапештте өткен әлем чемпионатында біз үшін сен жеңімпазсын. Алайда, қолда тұрған алтынның сусып кеткені өкінішті шығар?

- Мен бұл әлем чемпионатына өте жоғары деңгейдегі дайындықпен барған едім. Өкінішке орай бұйырғаны күміс жүлде болды. Арманым Қазақ елінің Әнұраның шырқату болып еді. Дегенмен, бұйырса алдағы уақытта ол арманыма жетемін деп ойлаймын.

-  Әлем чемпионатынан оралғасын сізді Ақтөбе облысының әкімі қабылдапты...

-  Иә, дұрыс айтасыз. Кеше облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы қабылдап, екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Менің жеңісіме қуанып, қолдау білдіріп жүрген облыс спортының басшысы Мейрамбек Махамбетов пен облыстық федерация басшылары Жеңіс Жартыбаевқа, вице-президент Дәурен Жабасовқа және барлық жанкүйерлеріме алғыс айтамын.

-   Алдағы жоспарларынмен бөлісе кетсең...

-  Ең бірінші мақсат – Токио Олимпиадасына жолдама алу. Келесі жылы жолдама беретін әлем чемпионаты Астанада өтеді. Бұл біз үшін үлкен мүмкіндік және жауапкершілік жүктейтін сын болғалы тұр. Мен қазіргі таңда Алматы қаласында күрес академиясында жаттығамын. Бұл жерде тәртіп өте қатаң, екінші жағынан алаңсыз жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Академиядағы бапкерлерім Хаджимурат Гацаловқа, Эдуард Базровқа және Әсет Серікбаев пен Майрбек Юсуповтарға берген тәлім-тәрбиелері үшін ризашылығымды білдіремін.

-  Отбасын туралы айта кетсен?

-  Әйелімнің есімі - Анжелика. Хамза, Әли деген екі ұлым бар. Анжелика екеуміз бір ауылда туып-өстік. Оның мамандығы дәрігер – педиатр. Алматы қаласында тұрып жатырмыз. Екінші ұлымның дүниеге келгеніне 2 ай өтті, шынымды айтсам әлі көрген жоқпын.

-  Қазақ тілін білесің бе?

-  Мен Тыва республикасында туып-өстім. Әкем мен анам, бауырларым әлі сол жақта тұрады. Отбасында спорт жолын таңдаған жалғыз мен. Қазақстанға келіп, өзімнің тұрып жатқан елімнің атын шығарып жүргенім үшін қуаныштымын. Мен өзімді келімсек деп санамаймын. Маған Қазақстан туған елімдей болып кетті. Ақтөбеде достарым өте көп. Олар маған ойнап: «Байғаниннің адайы» деп әзілдейді. Кейде менен «Руың кім?» деп сұраса, мен «Түркімен адай» деп жауап беремін. Мен осы елде тұрғасын, осы елдің нанын жеп жүргесін осы елдің тілін құрметтеу керек деп есептеймін. Өзім қазақша білемін, жақсы түсінемін. Бұйырса алдағы уақытта қазақ тілінде таза сөйлеймін деп алдыма мақсат қойып отырмын. Мен күресті қойғаннан кейін Қазақстанда қалып, өзімнің бар білгенімді жастарға үйретіп бапкер болғым келеді.

- Алтын уақытынды бөліп сұхбат бергенің үшін рахмет Нұрислам. Біз саған алдына қойған мақсаттарына жетіп, әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жеңістің ең биік тұғырында тұруына тілектеспіз.

Дереккөз: "Спорт жұлдыздары"

0 Пікір Кіру